Отырарда танымал сықақшы, қарымды жазушы, журналист, қоғам қайраткері Көпен Әмірбекті ел жұрт соңғы сапарға шығарып салды. Халықтың сүйікті ұлымен қоштасу рәсімі кіндік қаны тамған Шәуілдірдегі «Мәдениет сарайында» өтті. Ел жұрт қағытпа қалжынның шебері, ақын, жазушы Көпен Әмірбекті бүгін соңғы сапарға шығарып салды. Қазақ сатирасына өшпес із қалдырған Қазақтың Көпенімен қоштасуға жиналған жұрттың қарасы мол. Марқұмның туыстарына Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сенат және Мәжіліс төрағалары, бірқатар министрлер және облыс, қала әкімдері көңіл айту хаттарын жолдапты. Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының, Парасат орденінің иегері небәрі 72 жасында дүниеден өтті. Жиылған жұрт марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айтып, естеліктерімен бөлісті. Саналы ғұмырын қасиетті сахнаға арнаған әйгілі сықақшыны қалың ел қимастықпен өзі еңбек жолын бастаған киелі сахнадан шығарды. "Қазақ әдебиеті", "Егемен Қазақстан" газеттерінде сатира, фельетон бөлімінің меңгерушісі, "Білім және еңбек", "Ара-Шмель" журналында жауапты хатшы, Республиканың Бас прокуратурасы мен Жоғарғы Сотта баспасөз хатшысы болып ұзақ жылдар абыройлы қызмет істеген біртуар азамат әулетімен журналистикаға жанашыр болатын дейді ҚР Журналистер Одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы. Көпен Әмірбек тіпті өмірінің соңғы күндері төсек тартып, ауырып қатты қиналып тұрса да "Ара" журналының әрбір басылымын өзі тексеріп, қадағалап отырған екен. Қош бол, қазақтың Көпені.