Chocolife компаниясының директоры Рамиль Мухоряпов даулы мәлімдемесінен кейін әп-сәтте қазақстандықтарға танылды. Ең қызығы, Мухоряповтың қарамағындағы 7 сервистің тек 2-інде ғана қазақ тілінде қызмет көрсетіледі екен. Осы тұста Stan.kz тілшісі елдегі танымал сервистердің сайттары мен қосымшаларына мониторинг жүргізіп, қайсында қазақша қызмет көрсетілетінін анықтады. Айта кетейік, бұған дейін журналист және Қазақстан Халықтары ассамблеясының мүшесі Максим Рожин Рамиль Мухоряповтың иелігіндегі 7 сервиске сараптама жүргізіп, қазақ тілінде қызмет көрсету мәселесіне тоқталды. Журналистің мәліметіне сәйкес, 7 сервистік тек 2-і қазақ тілінде қызмет ұсынады екен. Ұшақ және теміржол билетін сатып алуға арналған Aviata.kz сервисінде қазақ тілін таңдау мүмкін емес. Орыс тілінде ғана қызмет ұсынатын сервистердің қатарында Chocofood.kz, Lensmark.kz пен Chocolife.me сервистері бар. Журналистің сөзінше, Chocolife.me сайтында қазақ тіліндегі нұсқаны таңдағанымен, ештеңе өзгермейді. Қазақ тіліндегі нұсқасы бар сервистер - Idoctor.kz мен Chocotravel.kz. Дегенмен журналист бұл жағдай көңіл көншітпейтінін айтып өтті. Бұдан өзге Stan.kz тілшісі төмендегі сервистерден қазақ тілінде қызмет таба алмады. Market.kz, Kolesa.kz және Krisha.kz Kolesa Group компаниясының құрамына кіретін Market.kz, Kolesa.kz және Krisha.kz сервистерінің тек екеуінің сайтында тілді ауыстыруға арналған батырма бар. Market.kz сервисінде мемлекеттік тілдегі бет жоқ. Ақпараттар мен хабарландырулар тек орыс тілінде ұсынылған. Olx.kz Елдегі танымал хабарландыру орналастыруға арналған сервистің сайтында қазақ тіліне ауысу мүмкіндігі қарастырылған. Алайда мобильді қосымшасында ақпараттар мен хабарландыруларды тек орыс тілінде оқуға болады. Қазақ тілді қолданушылар қосымшада тіл ауыстыра алмайды. Kino.kz және Kassir.kz Кинотеатрға билетті онлайн сатып алу қызметін ұсынатын Kino.kz сервисінің сайты мен мобильді қосымшасында да қазақ тілін таңдау мүмкіндігі жоқ. Онлайн билет сатып алуға арналған Kassir.kz сервисінде де мәліметті мемлекеттік тілге ауыстыра алмайсыз. Азық түлік пен тамақ жеткізу қызметтері Яндекс компаниясының құрамындағы Яндекс.Еда сервисінің сайтында тілді ауыстыруға арналған батырма болғанымен, тізімде қазақ тілі жоқ. Glovo жеткізу қызметінің сайтында қызметті қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде алуға болады. Алайда мобильді қосымшасында қазақ тілін таңдау мүмкін емес. Wolt сервисінің сайтында қазақ тіліне ауысуға арналған батырма болғанымен мобильді қосымшасында қазақ тілінде қызмет алу мүмкін емес. Өз тұтынушыларына өнімдердің кең ассортиментін ұсынатын Арбуз.kz азық-түлік жеткізу қызметінің сайтында және мобильді қосымшасында тілді ауыстыруға арналған батырма жоқ. Меломан және Flip.kz Қазақстандағы ірі Меломан дүкендер желісінің сайтында да, қосымшасында да қазақ тілінде қызмет көрсетілмейді. Сол секілді Flip.kz интернет-дүкенінің платформаларынан да қазақ тілінде ешнәрсе таппайсыз. Lamoda.kz Онлайн киім дүкенінің сайты тек орыс тілінде жұмыс істейді, тілді ауыстыру батырмасы жоқ. Aster.kz Жаңа немесе қолданыста болған көлік сатып алу және сату қызметін ұсынатын Aster дүкенінің сайтында қазақ тілінде ақпарат ұсынылмайды. Барлық хабарландырулар мен ақпараттар орыс тілінде жарияланған.