Түркі әлемінің жезтаңдайлары Түркістанда. Рухани астананың Керуен сарай туристтік нысанында түркі әлемі өнерпаздары бас қосты. «Түрк музик фест» деп аталатын мәдени шара Қазақ Туризм ұлттық компаниясының қолдауымен ұйымдастырылған. Мәдени шараға көрші мемлекеттерден Түркия, Өзбекстан және Қырғызстан секілді елдерден танымал әншілер өнер көрсетті. Мерекелік кештің шымылдығын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ардақ Балажанова ашып берді. Жезтаңдай әнші өзінің танымал Қараторғай әнін орындап халықтың құлағының құрышын қандырды. Одан бөлек дәстүрлі әнші салт-дәстүрді насихаттау мақсатында «Далада» толғауын орындап, Жетісудің ыстық сәлемін жолдады.