Былтыр Түркістан облысында мемлекеттік сатып алудан 22 млрд 800 млн теңге үнемделген. Ал өткізілген 1058 сатып алудың бірқатары заң талаптарына сәйкес болмай 10 млрд 300 мың теңгенің шарты бұзылған. Бұл туралы облыстық мәслихаттың тұрақты комиссия отырысында айтылды. Тұрғындар тарапынан келіп түскен өтініштерді жеткізген халық қалаулылары мемлекет қаржысын мақсатты түрде жұмсап, қажеттіліктер өтелу керектігін тілге тиек етті. Жиында сондай-ақ, облыстың биылғы бюджетін жоспарлаудағы өзекті мәселелер мен оның орындалу маңыздылығы айтылды. Әсіресе, былтыр білім саласында негізсіз сұралып, кейін қайтарылған қаражат жайы сөз болды.