Кентау қаласының оқушылары 1958 жылы салынған мектептің ғимаратында оқуға мәжбүр. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды аталмыш оқу орнының жай-күйімен танысты. Білім ұясына ағымдағы жөндеу соңғы рет 2009 жылы жасалыпты. Мектептің шатыры мен жылу жүйелерінің тозығы жеткен. Облыс басшысы жөндеу жұмыстарын жүргізу бойынша жұмыстарды бастауды тапсырды. Ол оқу процесіне кедергі келтірмеуі тиіс. Жалпы 2023 жылы облыста 29 мектептің, 2024 жылы 34 мектептің құрылыс жұмыстары басталады. Сондай-ақ, іссапар барысында Дархан Сатыбалды 2 жылдан бері күрделі жөндеу жұмыстары бітпей отырған Кентау қалалық орталық ауруханасының жұмысымен танысты. Белгілі болғандай, тапсырыс беруші құрылысқа жауапты мердігерді 2 рет сотқа беріпті. Ал соңғы рет медиациялық жолмен қарап, 2022 жылдың 15 желтоқсанына дейін күрделі жөндеу жұмысын аяқтау жүктелген. Қазіргі таңда жұмыстар жалғасуда. Облыс әкімі жауапты басшыларға жүктелген міндетін орындай алмай отырған жауапсыз мердігерлермен келісімшартты бұзып, жұмысты тоқтатуды тапсырды.