«Туған елімнің мен патриотымын!» Осындай атаумен «Республика күніне» орай Түркістанда студенттер арасында патриоттық әндер байқауы өтті. Іс-шараның мақсаты- жастардың бойында Отанға деген сүйіспеншілік сезімін оятып, ел мен жер болашағына деген жауапкершілікті сезіндіру. Толығырақ тілші материалында. Ержан Жолдасов Түркістан жоғары көпсалалы қолөнер колледжінің 4- курс студенті. Ән айтуды бала кезінен бастаған. Бүгінгі ән додаға Ибрагим Ескіндіровтың орындауындағы Сырым Әуезханның сөзіне жазылған “ Біргеміз” әнін дайындапты. Жас талант ұлттық мереке қарсаңында осындай шараларды өткізудің маңызы ерекше дейді. Патриоттық әндер байқауына барлығы 27 техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттері қатысты. Жас таланттар сайыстың алғашқы кезеңінде патриоттық сарындағы әндерді әуелете шырқады. Нәтижесінде суырылып алға шыққан 13 өнерпаз келесі кезеңге жолдама алды. Қорытынды кезеңде жас патриоттар “Туған жер” тақырыбы аясында қара өлеңді мәнерлеп оқудан сайысқа түсті. «Іс-шараның мақсаты- жастардың бойында Отанға деген сүйіспеншілік сезімін оятып, ел мен жер болашағына деген жауапкершілікті сезіндіру»,- дейді ұйымдастырушылар. Талантты жастардың талабын арнайы әділ-қазы алқасы бағалады. Сайыс қорытындысы бойынша Түркістан жоғары көпсалалы қолөнер колледжінің студенттері Ержан Жолдасов І орынды, Қуаныш Арыпхан ІІ орынды иеленсе, ІІІ орынды – «Түркістан жоғары медициналық колледжінің студенті Самал Есімхан еншіледі. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанған өнерпаздарға бағалы сыйлықтар мен дипломдар тапсырылды.