Сауран ауданында жеңіл өнеркәсіп саласы қарқынды дамып келеді. Оның ішінде жиһаз өнімдерін шығаратын цехтардың қатары артып, бүгінде аудан тұрғындары тұрақты жұмыспен қамтылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТ. БІРТҰТАС ҰЛТ. БЕРЕКЕЛІ ҚОҒАМ» атты Жолдауында кәсібилік пен еңбекқорлық қасиетке ие адамдар құрметке лайық болуы тиіс екендігін айтып, оларға қолдау білдірген болатын. Аталған цех биыл іске қосылған. Заманауи технологиямен қамтамасыз етілген кәсіпорынның аумағы 3000 шаршы метрді құрайды. Жылына 80 мың орындық және 15 мың үстел өндіреді. Цех директоры Бабыр Шереханұлы ауданның 150 азаматын тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Айтуынша, кәсіпорынды кеңейтіп мамандар санын 300-ге дейін арттыру жоспарда бар. Саурандық ұжымның өнімдері көрші Қырғызстан еліне экспортталады. Болашақта Түркия, Қытай және Ресей елдерімен қарым-қатынас орнату көзделуде.