Шардаралық шаруалар биыл мақта өнімі мол болды дейді. Жылда бір гектардан 25 центнерден алып жүрген жұрт, биылғы көрсеткіш 28-30 центнерге дейін көтерілгенін айтады. Жыл он екі ай қара терге малынып, ақ алтынды күтіп баптаған шаруалардың еңбегі зор екені даусыз. Бірақ, бір ғана мәселе – баға. Оның да жүйеге түсер күні алыс емес. Ақ алтынды алқапқа айналған мына жерлердің барлығында бұрын күріш егілген екен. Алайда, Сырдың суы тартылған соң, қазір аймақ мақтаның отанына айналыпты. Қуан Сейсен мақта егуге бет бұрған шаруалардың бірі. ҚУАН СЕЙСЕН – ШАРУА - Биыл алғаш рет егіп көрдім. Нәтижесі жаман емес... Шардарадан бөлек Жетісай мен Мақтарал аудандарына апаратын жолдың бойы ақ ұлпаға толған. Бұл дегеніміз ақ алтынның көлемі артты деген сөз. Сондай-ақ, қазір бұрынғыдай өнімді қолмен теріп жүрген бірде-бір жанды көрмейсіз. Барлығын арнайы техникалар атқарады. СӘБИТ ТАСОВ – АЛАТАУ АУЫЛ ӘКІМІНІҢ М.У.А - Ауыл тұрғындарының 70 пайыздайы дәл осы кәсіпті қолға алған... Облысымыздағы жаңа мақта өңдеу заводтарының бірнешеуі дәл осы Шардара ауданында орналасқан. Ақ алтынды қыс түспей жинап алу үшін қабылдау пунктері де күндіз-түні дамылсыз жұмыс істеуде. Баға бір жолға қойылса, биыл мақта еккен шаруалардың ырысы артайын деп тұр.