Шымкентте көлік жүргізушілері антирекорд жасады. Олар жол ережелерін жиі бұзғаны үшін енді 7 миллиард теңге айыппұл төлеуі тиіс. Темір тұлпар тізгіндегендер көбіне жылдамдықты шектен тыс асыруды әдетке айналдырған. Тіпті жолдың қарсы бағытымен жүретін, бағдаршамның қызыл түсін елемейтіндер де бар. Полицейлердің айтуынша, айыппұлдың біраз бөлігі көлік жүргізіп келе жатып, телефонмен сөйлескендердің үлесінде. Жол ережесін бұзушылардың көбі автоматты бақылау құралдарының көмегі арқылы анықталған. Қазір қала көшелеріне 1600-ден астам бейнебақылау камералары жұмыс істейді. Соның арқасында жол көлік оқиғаларында адам өлімі 30 пайызға азайған.