Суық үйде бүрсеңдеп отырмыз. Шымкент қаласының тұрғындары арнамызға осылай деп шағымданды. Тапқан таянғанына баспана алып, төбелері көкке жеткен жұрттың қуанышы су сепкендей басылыпты. Себебі жаңадан берілген тұрғын үйдің сапасыда сын көтермейді екен. Бұл мегаполистегі сити тұрғын үй кешені. Бұл пәтерлердің пайдалануға берілгеніне шамамен бір жылға жуық уақыт болыпты. Алайда қазіргі сыйқы мынадай. Ауладағы асфальтталған жол толассыз жауған жаңбырдан кейін жарамсыз күйге түскен. Тұрғындар мұнда балаларымызды ойнауға жіберуге қорқамыз дейді. Көпқабатты пәтердің сыртқы ауласын былай қойғанда тұрғындар жылуға да жарымай отыр. Жұрт пәтерімізді алғалы әлі жылуды сезінген жоқпыз дейді. Әкімдік уақытша электр қондырғысын берген, алайда оның жылуы мардымсыз. Қақаған қыс жақындағанда жұртт неге әлі жылусыз отырғанын жауапты сала мамандарынан сұрап көрдік. Олар газ құбырынан ақау шыққандығын айтты. Сол мәселені шешілген кезде ғана пәтерлерге жылу беріледі деп сендірді. Ал мердігер компанияның басшысы болса көпқабатты пәтерлердегі кемшіліктерді жоюға уәде етті. Келісім шарт бойынша көпқабатты үйге бес жыл кепілдік берілген. Осы уақыт аралағында олар кез-келген кемшілікті түзеп беруі тиіс. Қорыта айтқанда жауапты сала мамандары берген уәделерінде тұрмаса жұрт суық пәтерде тоңып отыруға мәжбүр. Тұрғындардың жанайқайы біздің назарымызда болмақ.