Түркістанда тұрғын үйдің бағасы шарықтап тұрғынымен, сапасы сын көтермейді. Бұған дейін де жаңа баспаналар төңірегіндегі дау-дамайды бірнеше рет көрсеткен болатынбыз. Бірақ, жауапты сала мамандары «мердігерлерге айтып жатырмыз, ескертіп жатырмыз...» дейтін жаттанды сөздерден ары аса алмай тұр. Ал, қыруар қаржыға сатып алған үйлері көз алдында қирап жатқан халық не істерін білмей дал. Баспананың базынасын айтып жүрген жанды табу Түркістанда оп-оңай. Мәселен, жаңа қала шағын ауданында орналасқан 17/2-і көпқабатты тұрғын үйдің пәтер иелері құрылыс жұмыстарына көңілі толмайтынын айтады. Тіпті, адам өміріне қауіп төндіретін сәттер де болады екен. Сондай оқиғаның бірі Гауһардың да басынан өтіпті. Су жаңа баспанасында 1 жасқа енді толған немересі цемент сылақтың астында қалып қоя жаздаған. ГАУҺАР - Немеремді тартып алып үлгердім... Маған осыны қабылдап алған адамды көрсетіңіздерші... Бұл үйдің Гауһар секілді бірнеше тұрғыны жаңа ғимаратты жамап-жасқаудан шаршадық деп отыр. Кемшілікті өз көзімен көрген басқарма басшысының орынбасары да аң-таң. Бірден жауапты мердігер компания өкілдерін шақырып, құлаған-сынған дүниенің барлығын қайта қалпына келтіруді тапсырды. Бұған дейін пәтер иелері 109 біріңғай байланыс орталығына хабарласып жағдайды бірнеше рет жеткізген екен. Бірақ, орталықтан жалған ақпарат келіпті. Яғни, ешкім келіп көрмесе де, «құрылыс қалпына келтірілді деген жауап» келген. Ал, бұл хабарды мердігер компания өкілдері жоққа шығарды. БЕКЖАН – МЕРДІГЕР КОМПАНИЯ ӨКІЛІ - Біз бұл оқылықтың орын алғанын 2-3 күн бұрын ғана білдік. Ешқандай 109-дан да, өзге жерлерденде ақпарат тұспеді... Енді, әрбір жаңа ғимараттар мен тұрғын үйлердің сапасын сәулет-құрылыс бақылау басқармасы жіті назарға аламыз дейді. Егер, кемшіліктер анықталатын болса, құрылыс жұмыстарына жауапты мердігер мекемелерге айыппұл салынады.