Жыл соңына дейін облыстағы 10 елді мекен ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Бұл туралы облыс әкімі Дархан Сатыбалдының жауапты сала басшыларымен кездесуі барысында айтылды. Басқосуда ауыз сумен қамтамасыз ету үшін салынып жатқан нысандар бойынша кемшіліктер ортаға салынды. Құрылысы бітпеген не созылған жобалар талқыланды. Облыс басшысы бұл саладағы проблемаларды түбегейлі шешу бойынша жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берді. Бүгінде өңірдегі 831 елді мекеннің 712-сі ауыз сумен қамтылған. Яғни 7 қала мен 705 ауылдық елді мекенде тіршілік нәрі бар. Алдағы уақытта 119 елді мекенді ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарлануда. Қажетті қаржы көлемі – 21,7 млрд. теңге. Он нысан жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Қалғаны келер жылға өтпелі. Нәтижесінде 23 елді мекен ауыз сумен қамтылып, облыста ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткіші 87 %-ға жетпек.