Түркістанда кей құрылыс компаниялары қалдықтарын арнайы белгіленген орынға емес, кәдімгі тұрғындардың күнделікті жуындысын төгетін полигонға тастайды екен. Ақша үнемдеймін дегені болса керек. Бұл мәліметпен бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жауапты басқарма басшысы бөлісті. Оның сөзінше, Түркістан облысында 159 қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын полигон орындары белгіленген. Оның 70%-ы санитарлық талаптарға сәйкес келмейтін көрінеді.