Түркістан облысында ойынхананың кассасынан миллион теңге жымқырған ер адам анықталды. Әуелі ойынхана қызметкерлері Түлкібас аудандық полиция бөліміне арызданған. Сақшылар дереу бейнебақылау камераларын мұқият қарап шыққан. Нәтижесінде күдіктінің жеке басы анықталып, санаулы сағаттарда ұсталды. Кассада отыратын қыздардың ұйықтағанын пайдаланған ұры ойынхананың тұрақты келушісі екен. Сондай-ақ оңай жолмен келген ақшаны өз қажеттілігіне жұмсап үлгерген. Қазіргі таңда полицейлер ұрлық қылмысы бойынша тергеу амалдарын жүргізуде. Сондай-ақ ойынхана қызметінің заңдылығын тексеру бағытында кешенді іс-шаралар атқарылуда.