Төлеби ауданына қарасты Бірінші мамыр ауылында толассыз жауған жаңбыр салдарынан балабақша мен мектеп, сондай-ақ 25 тұрғын үйді су басты. Нөсер жауын 7 қарашада түс ауа басталып, бірнеше сағат бойы толастамаған. Мына кадрлардан ауылдағы жолдарды түгелдей су шайып кеткенін көруге болады. Зардап шеккендер жоқ. Оқиға орнын жедел жеткен Түркістан облысының жергілікті атқарушы органдары мен Төтенше жағдайлар департаментінің күштері суды сорып шығару және инертті материалдар салынған қаптарды төсеу жұмыстарын жүргізді. Дәл қазір қауіптің басы қайтарылды дейді жауаптылар. Төтенше жағдай қызметі су шаю қаупі туындаса кеңес дереу киім-кешек, дәрі-дәрмек, құжат пен құнды заттарды жинап ол аумақтан дереу кетуге кеңес береді. Өйткені Қазгидромет бүгін де өңірде жаңбыр жауатынын хабарлап отыр.