Түркістан облысындағы балабақшалардың бірінде ер адам тәрбиеші болып жұмыс істейді. Көбінде бақшадағы бала тәрбиесімен қыз-келіншектердің айналысатыны белгілі. Ал біздің елімізде ер азаматтың мұндай кәсіпті таңдап, бүлдіршіндердің тәрбиесімен айналысуы сирек кездесетін жағдай. Ал Құралбай Исабек тек Кентау қаласында ғана емес, Түркістан облысы бойынша балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істейтін жалғыз ер азамат екен. Құралбай Исабектің бұл балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істеп жүргеніне биыл 6-шы жыл. Ол мұнда 2016 жылы жастар тәжірибесімен келген. Содан бері бүлдіршіндермен жұмыс істеп, балалардың жан-жақты дамуына өз үлесін қосып келеді. Алғашында ер адамның бақшада тәрбиеші болып жүргенін көрген ата-аналар оның жұмысына күмәнмен қарағандарын айтады.