Түркістанның басты туристтік нысандарының бірі – Керуен Сарайда наурызға арналған басты мерекелік концерт өтті. Жиналған қала тұрғындары мен қонақтарын облыс әкімі Дархан Сатыбалды құттықтады. Ал қала қонақтары мен тұрғындары ұлттық спорттық ойындар ойнап, этноауылға саяхаттады. Қазақтың салт-дәстүрлері көрініс мерекелік жиыннан тілші репортажы. Ұлыстың Ұлы Күні әркез Түркістанда жоғары деңгейде тойланады. Осы жылдан бастап бұрынғы салт-дәстүр жанданып, 10 күн бойы аталып өтіп келеді. Ал, бүгін мерекелік концертпен жалғасын тапты. Түркістан қаласы мен облыстың әр жерінен келген әртістер мен бишілер бар өнерін ортаға салды. Ал, жиналған жұртшылықты Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жаңа жылдың басталуымен құттықтады. Әрі бұл мейрамның қазақ халқы үшін маңыздылығына тоқталды. Өңір басшысының айтуынша, Түркістан өңірі ешқашан ата салтымызды ұмытпаған қасиетті мекен. Сонымен қатар, облыс әкімі бүкіл түркі әлемінің орталығы Түркістан қаласының дамуы бұнымен тоқталып қалмайтынын айтты. Рухани қаланы жаңғыртуға арналған жұмыстар тікелей Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарында екеніне де тоқталды.