Түркістан облысында қатты жел тұрғындарды әбігерге салды. Сәуір басталғалы ұйытқыған жел әлі де басылар емес. Қатты дауылдың кесірінен облыс орталығының 80 пайыз аумағында жарық сөнген. Бағаналар, электр шамдары, көрнекілік заттар құлап, билбордтар жыртылып, ғимараттардың қасбеттері ұшып түскен. Тіпті бағдаршамдар да қирап, қала ішінде көлік қозғалысы қиындаған. Осы сынды апатты жағдайлар бойынша 109 жедел желісіне екі күнде 2000-нан астам қоңырау түсіпті. Қазіргі уақытта әкімдік тарапынан қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.