Мен осы қаладағы елеусіздеу бір әкімшілік мекемесінде ортанқол басшы дәрежесіндегі қызметкермін. Білім дәрежем жоғары. Мамандығым – экономист. Бухгалтерия жағын, мекеменің экономикалық жобалау тараптарын бір кісідей білемін. Кезінде үлкен бір басқармада бастықтың экономика жөніндегі орынбасары болып біраз жыл қызмет еттім. Аумалы-төкпелі кезеңде ол мекеме де жабылған соң, басқа жұмыс іздеуге мәжбүр болдым. Қазіргі жұмысым өзіме ұнайды. Жауапкершілік жоқтың қасы. Айлық жалақым да жаман емес. Одан да басқа үйтіп-бүйтіп дегендей. Пәленшенің құдасы, төленшенің жиені едім деп аяқ жетер жерден іздеп келушілер де жеткілікті. Бірі істі болып келсе, кейбіреуі түрлі мәселелерде қолжалғау жасауды емеуріндейді. Әйтеуір тамыр-таныстың, жаман абыройдың арқасында жұртқа шама-шарқым келгенше көмектесіп жіберемін. Мұндайда қазақ құр қалдырмайды. Алақаныма ақша басады. Жұмыс бітір деп берген қаражаттан да қарпып қалам, ортаға түскеніме сыйақыны және аламын. Қазағым жұмысы біткеніне мәз, мен – есебін тауып екі асағаныма. Сөйткен тірлік бар.