Еліміздегі банк саласында үлкен өзгерістер болғалы жатыр. Соған қарағанда, билік банкирлерге жылы-жылы сөйлесең, түсінбейтінін, оларға қабағы қату саясат ұстану керектігін түйсінген секілді. Мемлекет басшысы осыған дейін тұтынушылық несиемен қалтасын қампайтып, ел экономикасына несие беруге келгенде қырын қарайтын банктерді қолдауды тоқтатамыз деген еді. Биыл 2 қыркүйекте жасаған Қазақстан халқына жолдауында да осындай ескерту жасады. Олардың орнына шетелдік корпоративтік банктерді нарыққа шақырамыз деп соңғы рет ескертті. Банк саласындағы реформалар жайдан-жай жасалынбайды, алдымен, заңдық негізі жасалып, тиісті заң қабылданады. Қолданыстағы заң отыз жылдан бері жаңартылмаған. Толықтырулар мен өзгерістер енгізіліп жатса да, қазіргі заман талабына, мемлекет мүддесіне сай келмейді. Ал мемлекет мүддесі - халық мүддесі. Алайда мәселе бұдан да тереңірек. Ulysmedia.kz-ке жақын инсайттардың айтуынша, екінші деңгейлі банктердің иелері де ауысады. Біз бұл өзгерістер қандай банктерді қамтитынын зерттеп көрдік.