Елдос Сметовтің Париж Олимпиадасындағы жеңісінен кейін Қазақстанда дзюдоға қызығушылық еселеп өсті. Баласын спорттың осы түріне беруге ықыласы артып, үйірме іздей бастаған ата-ана да, ел дзюдошыларының тұрмысын зерттеп, табысын санай бастаған қырағы есепші де көбейді. Табыс демекші, дзюдоның айналасында жүрген қалталылар да назардан тыс қалған жоқ. Соның бірі – Халықаралық дзюдо федерациясы президентінің кеңесшісі және JENYS клубының негізін қалаушы Алмаз Әлсенов. Forbes тізіміндегі ірі кәсіпкер жұрт назарына дәл Елдос алтын алған күні ілікті. Макронмен қол алысып, француз басшысының құттықтауын тыңдап тұрған қазақтың кім екенін білуге асыққандар көп.