2022 жылы 5 қаңтарда Алматы әуежайын наразылық білдірушілер басып алды. Осы оқиға кезінде басқа қалаларға, елдерге ұшуды жоспарлаған адамдар әуежай ішінде қалып қойды. Арада дәл бір жыл өткенде қазақстандықтар әуежайдағы оқиға қалай болғанын білуге, үрейленген адамдардың дәл сол мезеттегі дауысын естуге, күйін, сезімін түсінуге мүмкіндік алды. Қалай дейсіздер ме? Кейбіреулер әңгіме не туралы екенін бірден түсінуі мүмкін. Ал білмейтіндер үшін алғысөз: 2021 жылдың аяғында Астана тұрғыны Елдар Құдайберген әйелі мен баласын алып, отбасылық дәстүрмен жаңа жылды тойлау үшін Алматы қаласына келеді. 2022 жыл оның отбасы үшін де, күллі қазақстандық үшін де қалыпты басталғанымен, артынша жер-жерде тәртіпсіздіктер басталғаны ешкімге жасырын емес. Ал Елдар Құдайберген жоспарлары бойынша Алматыда отбасымен бірге жаңа жылды тойлап, демалып болған соң 5 қаңтарда кері Астана қаласына ұшуы керек болған. Осы оймен ол әйелі мен баласын алып, әуежайға келеді. Ал оқиға туралы әрі қарай Елдар Құдайберген Massaget.kz тілшісіне берген сұхбатында айтты.