Бүгінде ұлттық тағамға деген сұраныс ерекше. Қазақтың кез келген ұлттық тағамының дәмінен бөлек, дайындалуының астарында да терең мән-мағына, өнеге жатыр. Өйткені әрбір тағам ерекше сақтықпен, тазалықпен, көңілмен дайындалған. Сондықтан ана қызына, жеңге қайын сіңілісіне, ене келінге әр астың дайындалу әдебін, ретін мұқият үйретіп отырған. Тарих парақтарына зер салсақ та ұлттық тағамдар, соның ішінде сүт өнімдері ерекше маңызға ие болғанын, сондай-ақ, қазақты небір аштықтан аман сақтағанын байқауға болады. Жамбылдық келін Айнұр Шахизадақызы да ата-бабадан бүгінге жеткен ұлттық өнімдерді дәріптеп, табысқа кенелген. Ол енесі үйреткен әдіспен бесаспап болған. Осылайша, бүгінде Айнұр Шахизадақызы сүт өнімі нарығында көптің көңілінен шығып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Алғашында несиеге сауын сиыр сатып алып, ірі қараны көбейткен ол қарызын қайтару үшін ауыл арасына сүт өнімдерін сата бастаған. Massaget.kz тілшісі 10 жылдан бері осы салада жүрген ауылдық кәсіпкермен сұхбаттасты.