Қазақ қоғамында "алты алаштың баласы бас қосса, төр - мұғалімдікі" деген тенденция жылдан-жылға кең көлемде насихатталып келе жатыр. Өскелең ұрпақ арасында педагог мамандығын таңдайтын жастар қатары да артып келеді. Бұған бірден-бір себеп мемлекет көлемінде педагог мәртебесін көтеру, қоғамдағы беделін арттыру мақсатында түрлі шаралар қолға алынуы деуге негіз бар. Оның айқын дәлелі - 2019 жылы қабылданған "Педагог мәртебесі туралы заң". Бұл заңның басты мақсаты мұғалімдердің мәртебесін көтеру, оларды ынталандыру болды. Бүгінде осыған сай жастар арасында да педагог мамандығына деген қызығушылық артып келе жатыр. Massaget.kz тілшісі өмірін ұстаздықпен байланыстырған, бірнеше жылдық еңбек өтілі бар қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жайнагүл Сдиховамен сұхбаттасып, бұл мамандыққа қалай келгенін, жастар арасында педагог мамандығына деген көзқарас қандай екенін сұрады.