Қоғамда резонанс тудырған экс-министр Қуандық Бишімбаевқа үкім шықты. Өз әйелін аяусыз өлтірді деп айыпталған шенеунік 24 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл оқиға тек Қазақстан емес, сонымен қатар, басқа елдерді де дүр сілкіндіріп, Желіде резонанс тудырды. Отбасындағы зорлық-зомбылық салдарынан жыл сайын қанша әйел көз жұмады? Ал қанша әйел өзін, баласын қорғаймын деп күйеуімен арпалысып жатқанда жұбайын өлтіріп алады? Бұл - оқиғаның басқа қыры. Massaget.kz тілшісі Алматы қаласынан 50 шақырым жердегі колонияда күйеулерін өлтіргені үшін жазасын өтеп жатқан әйелдермен сұхбаттасты. Ойраны шыққан отбасыда жанжалдың көбі классикалық түрде басталады: күйеуі ішеді, әйелін ұрады. Әйел балаларын алып, үйінен кетіп қалады. Есін жиған күйеуі кешірім сұрайды, екеуі қайта қосылады. Ұрып-соғудың себебі де бірдей - қызғаныш. Әдетте бірнеше бала тапқан әйел ішімдікке салынған күйеуін тағдыр тәлкегіне тастап кетуге қорқады. Бірде "Қалай күн көремін?" "Балаларымды қалай асыраймын?" десе, енді бірде "Мен оны жақсы көремін", "Ол әлі өзгереді" деген сенім болады.