Қазақ халқында би өнері қашанда ерекше бағаланған. Себебі би - адамның қозғалысы, дене қимылы арқылы көркем бейне қалыптастыратын сахна өнері. Қазақтың халықтық би өнері - ерте заманнан қалыптасқан, тұрмыс салтымен біте қайнасып келе жатқан ел мұрасы. Халықтың бұл өнер түрі ұлттық ерекшелігіне, дүниетанымына сай арман-мұраттарын бейнелейтін қимылдар жүйесін қалыптастырған. Ғасырдан қалыптасқан өнердің бұл түрін ұрпақтан-ұрпаққа дәріптеп келе жатқан ансамбльдің бірі - Мемлекеттік "Салтанат" би ансамблі. 27 ақпанда Алматыда бұл ансамбльдің алғыс айту күніне орай "Шын жүректен" атты түрлі ұлт арасындағы достық, бірлік пен татулықты насихаттайтын концерті өтті.