Соңғы жылдары жаһандық геосаяси ахуалдың өзгеруі, жаңа экономикалық орталықтардың қалыптасуы және көлік-логистикалық бағыттардың қайта құрылуы Таяу Шығыс елдерінің Орталық Азияға деген қызығушылығын айтарлықтай күшейтті. Әсіресе, энергетика, инвестиция, инфрақұрылым және «жасыл» технологиялар салаларындағы ықпалдастық жаңа мазмұнға ие болуда. Бұл үдерісте Қазақстан өңірдің ең ірі экономикасы әрі транзиттік әлеуеті жоғары мемлекет ретінде ерекше назарға ілігуде.