Әр нәрсенің – жанды, жансыз дүниенің обалы бар. Сол себептен де Қазақстан жұрты адамгершілікке негізделген дүниежүзілік бастамаларға қолдау білдіріп, үн қосып отырады. «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңымыздың да биылғы 2 наурыздан бастап күшіне енгенін сол сөзіміздің айғағы деп білген жөн. Онда қаңғыбас иттер мен мысықтардың санын азайту үшін не істеу керектігі тайға таңба басқандай көрсетілген. Дегенмен, жануарлар құқығын қорғаушылар әлі де жер-жердегі ветеринарлық қызметтен осы мәселеге қатысты нақты шаралар қолдануды талап етеді. Жамбыл облысы әкімдігінің ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Олжас Көкей мен BAQ.KZ-тің меншікті тілшісінің сұхбаты да аталған тақырып төңірегінде өрбіді. Жауапты маман жануарларды қорғау заңнамасының нормаларын жүзеге асыру жұмыстары қалай жолға қойылғанын айтып берді.