Қазақстан мен Индонезия СІМ-аралық консультацияларды өткізді Қазақстан мен Индонезияның Сыртқы істер министрліктері арасында саяси консультациялар өтті. Іс-шара шеңберінде саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелері жан-жақты талқыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ. Қазақстандық делегацияны бастаған Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев Астана Джакартаны Оңтүстік-Шығыс Азиядағы негізгі саяси және экономикалық әріптестердің бірі ретінде қарастырып жатқанын атап өтіп, екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және кеңейтуге мүдделілік білдірді. Индонезия Республикасының Сыртқы істер министрінің орынбасары Абдул Кадир Джайлани екіжақты байланыстардың даму динамикасына оң баға беріп, Қазақстан Индонезияның Орталық Азиядағы маңызды серіктесі сенімділік білдірді. Тараптар достық, өзара сыйластық және әріптестік негізінде жан-жақты өзара ықпалдастықты нығайтуға бейілділігін растады. Жоғарғы және аса жоғары деңгейлерде саяси диалогты тұрақта түрде жүргізу қажеттігі аталып өтті. Сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты жандандыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. 2023 жылдың қорытындысы бойынша өзара сауданың оң нәтижелері аталып өтті, оның көлемі шамамен 300 млн АҚШ долларына жетті. Өзара тауар айналымының қазіргі деңгейі қолда бар үлкен әлеуетке жауап бермейтінін атап өтіп, дипломаттар жоғары нәтижелерге қол жеткізу үшін барынша күш салуға келісті. Келіссөздер барысында түрлі салалардағы нақты ұсыныстар мен жобалар талқыланды. Тараптар мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастықтың оң динамикасын атап өтіп, мәдениет, білім, ғылым және спорт саласындағы байланыстарды арттыру бойынша ұсыныстармен алмасты. Сондай-ақ, сұхбаттастар халықаралық және өңірлік күн тәртібінің өзекті мәселелері бойынша ұстанымдары туралы пікір алмасып, көпжақты құрылымдар шеңберіндегі тығыз өзара іс-қимылға және екі мемлекеттің сыртқы саяси бастамаларына өзара қолдау көрсетуге бейілділігін растады.