Алматы облысының полиция департаменті Instagram-дағы парақшасында кісі өлтірді деген күдікпен ұсталғандардың видеосын жариялады, деп Skifnews.kz ақпарат порталы Полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлайды. Полиция мәліметінше, 4 қазанға қараған түні Талғарда жастар арасында жанжал шығып, кейін төбелеске ұласқан. «Қақтығыс салдарынан екі жігіт аудандық ауруханаға жеткізілді, олардың біреуі алған жарақаттарынан жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Кісі өлтіру фактісі бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Оқиғаға қатысқандардың барлығы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», - делінген полицияның хабарламасында. Қазір құзырлы органдар істің мән-жайын толық, жан-жақты және объективті түрде зерттеу үшін қажетті тергеу шараларын жүргізіп жатыр. «Қылмыстық істі тергеу облыстық полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында. Тергеу мүддесіне байланысты басқа ақпарат жарияланбайды», - деді департамент өкілдері. Еске салсақ, бұған дейін Талғарда атыс болды деген ақпарат тараған. Куәгерлер оқ атылғанын естігенін хабарлаған.