Ақмола облысында науқастың шағымын бұрмалаған медицина қызметкеріне қатысты қылмыстық іс бойынша жария сот отырысы өтіп, кінәлі жазаға тартылды. Ақмола облысы соты баспасөз қызметінің мәліметінше, Қосшы қалалық соты адам денсаулығына абайсызда ауыр зиян келтіруге әкеп соққан, немқұрайлық салдарынан кәсіби міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін «103» қызметі бойынша шақыруларды қабылдайтын фельдшерге қатысты қылмыстық істі қарады (Қылмыстық кодексінің 317-бабының 2-бөлігі). Сот үкімді облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы, Ақмола қосалқы станциясы және Қосшы қаласының емханасы қызметкерлері ұжымдарының қатысуымен жария етті.