«Ауыл аманаты» жобасы аясында биыл ауылдарға 100 млрд теңге бөліну жоспарланған болатын. Алайда жыл соңына таяса да ол қаражат бөлінбей, Үкімет өңірлерге тек 7 млрд теңге ғана жіберген. Мұны қалай түсінуге болады?». Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Үкімет басшысы Олжас Бектеновке осындай сауал жолдады. Мәжіліс депутаты нарықтың қыспағымен ауылдан құт қашқанын, ауылдағы ағайынның орташа жалақысы қала тұрғындарының жалақысына қарағанда 30%-дан төмендігін, белең алған қымбатшылық пен жұмыссыздықтың да салдарын көбірек тартып отырған осы ауыл жұртшылығы екенін алға тартып, «Ауыл аманаты» жобасы ауыл тұрғындары үшін үлкен қолдау екенін алға тартты.