Сарапшылар әлеуметтік желіге ерте бастан тіркеліп, цифрлық технологияларды шамадан тыс тұтыну жасөспірімдердің психикасын бұзып, шынайы әлемнен алшақтататын қауіпті үрдіс деп есептейді. Тілі енді шыққанына қарамай, технология тілін меңгерген өрімдей өрендер қолына гаджет тисе, желіге байланған құлындай бір орында сағаттап отыруға бар. Жас бала да құмыра секілді. Ішіне не құйсаң сонымен толады. Олардың қолына сиқырлы смартфон ұстатып, ғаламтор әлемінің есігін айқара ашып бергеннен кейін әр қимылын қалтқысыз қадағалауды да қаперден шығармағанымыз абзал. Бұл мәселе талайдан бері Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымын дабыл қақтырып отыр.