Президент Жолдауында газ тасымалдау бағдарларын әртараптандыру және оның қуатын арттыру қажеттігін айтты. «Үкіметке Жаңаөзендегі, Қашағандағы және Қарашығанақтағы газ өңдеу кәсіпорындарының құрылысын тездетуді тапсырамын. Бұл — басты міндет», — деді Мемлекет басшысы. Елімізде 2016 жылдан бері Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы Қашаған кен орны игеріліп жатыр. Біріншіден, бұл — Қазақстанның тарихында тұңғыш рет су астынан «қара алтын» өндіру кезеңіне бетбұрыс жасаған қадам. Екіншіден, бұл — Солтүстік Каспий жобасындағы қолға алынған алғашқы ірі жоба. Аталған жобада Қайраң және Ақтоты атауы берілген тағы екі кен орны бар.