Қазгидромет синоптиктері 30 шілде — 1 тамыз аралығына арналған үш күндік ауа райы болжамын жариялады. Батыс антициклонның әсеріне қарамастан солтүстік, шығыс, оңтүстік-шығыс аймақтарда өткінші жаңбыр жауып, найзағай жарқылдайды, жел күшейеді. Еліміздің қиыр солтүстігінде және оңтүстік-шығыстың тауларында қатты жаңбыр және бұршақ жауады, дауыл тұрады. Ал Сарыарқа даласында және еліміздің оңтүстігіндегі шөлді аудандарда жауын-шашынсыз ауа райы сақталады.