Өскемен қаласы тұрғындары ауа сапасының күрт нашарлап кеткеніне шағымданған соң экологтар тексеру жүргізді. ШҚО экология департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 25 қарашада таңертеңнен әлеуметтік желіде Өскеменді түтін басқан видеолар тараған соң мамандар қаланың бірнеше ықшамаудандарына барып, ауа сапасын тексерді. «Өлшеу жұмыстары күні бойы арнайы жабдықпен жүргізілді. Соның нәтижелері бойынша атмосфералық ауадағы ластаушы заттардың шекті рұқсат етілген концентрациясынан асу дерегі анықталған жоқ. „Қазгидромет“ РМК Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалы ұсынған автоматты бақылау бекеттерінің деректері бойынша да ластаушы заттардың біржолғы шекті рұқсат етілген концентрациясының асып кетуі тіркелмеді».