Түркістан - ауыл шаруашылығы қарқынды дамыған өңір. Аймақта шаруаларға серпін беретін жобалар қолға алынған. Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Ауыл аманаты» жобасы іске асырылуда. «Ауыл аманатын» іске асыру ауылды аймақтарда кәсіпкерлікті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын құру мен жұмыссыздықты азайтуға, халықты сапалы азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бағдарламаны жүзеге асыруға биыл 19,8 млрд. теңге қаржы бөлінді. Пилоттық жобаға 16 ауданнан 64 ауылдық округ белгіленді. Бүгінгі таңда 12 млрд. теңгеге 2 070 жоба қаржыландырылды. Жобаны іске асыру нәтижесінде, 3 413 жаңа жұмыс орындары ашылып, отбасылардың орташа табысы 1,5 есеге өседі. Ал, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 30%-ға азаяды деп күтілуде.