Түркістан облысының полицейлері 40-тан астам жайт бойынша іздеуде жүрген алаяқты ұстады. Оқиға былай болған: облыс тұрғыны полицияға белгісіз біреу әлеуметтік желідегі парақшасына бұзып кіріп, таныстарынан ақша сұрағанын айтып арызданған. Жедел уәкілдер бірден қажетті шараларды атқарды. Жан-жақты, тиянақты жүргізілген тексерулер нәтижесінде күдіктінің жеке басы анықталды. Осы аралықта арызданушының таныстарынан 55 мың теңге алып үлгірген ол Жамбыл облысының тұрғыны, жұмыссыз біреу болып шықты. Тәртіп сақшылары оны Шымкент қаласындағы жалдамалы пәтерлердің бірінен ұстады. Полиция бөліміне жеткізілген жас жігіттің, Астана қаласының сотымен осындай 42 қылмыстық іс бойынша іздеуде жүргені анықталды.