Ақтөбе қаласында ер адам InDrive қосымшасын пайдаланып, бірнеше таксисті ақшаға алдаған. Күдікті такси жүргізушілерінен WhatsApp арқылы өз ақшасына супермаркеттен азық-түлік жеткізіп беруді өтініп, басқа телефон нөміріне ақша аударуға көндірген. Күдікті өзінде қолма-қол ақшаның бар екенін, тапсырысты мекенжайға жеткізген соң, барлық шығынды өтейтінін айтқан. Сенімді көріну үшін тіпті азық-түліктің тізімін де жолдап отырған. Жәбірленушілер тауарды сатып алып, «тапсырыс берушінің» жіберген телефон нөміріне ақша аударғаннан кейін, алаяқ олардың телефон нөмірлерін бұғаттап, байланысқа шықпай қойған. Дәл осылай 10 такси жүргізушісін алдаған күдікті Жаңаөзен қаласынан ұсталды. Қазір қамауда отыр.