Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Иран Ислам Республикасының президенті Ибрахим Раисимен кездесті. Кездесу барысында сауда бағытындағы жұмысты күшейту мақсатында Қазақстанның Ирандағы арнайы сауда өкілін тағайындау туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар, тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық және шекара маңы ынтымақтастығын дамытудағы өзекті мәселелерді, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық бағыттағы ортақ бастамаларды жүзеге асыру жайын талқылады. Әлихан Смайылов ресми сапар аясында Иранның бірінші вице-президенті Мохаммад Мохбермен келіссөздер жүргізді. Кездесу қорытындысы бойынша бірқатар ведомствоаралық және коммерциялық құжатқа қол қойылды.