Әлеуметтік маңызы бар тауарларды сақтауға арналған қойма – баға тұрақтылығының кепілі болмақ. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Арыс қаласына жұмыс сапары барысында өңірдегі бірегей жобаның құрылысымен танысты. «MEGA-AGAT» компаниясына тиесілі жобаның құны 4 млрд. теңге. Соңғы үлгідегі жаңа технологиямен жабдықталатын кешеннің тоғыз жол торабы саналатын Арыста орналасуы көптеген мүмкіндіктерге жол ашпақ. Еуропаның «А» стандартына сәйкес болатын кешен ерекшелігі – алыс-жақын Азия, тіпті Еуропа мемлекеттерімен тауар айналымын күшейту арқылы азық-түлік бағасын тұрақтандыруда. 6 гектар аумақта орналасқан қойманың көлемі 17 000 шаршы метрді, оның 14 000 мың шаршы метрі қатты заттар сақтауға арналса, 3 мың шаршы метрі желдеткішпен жабдықталған көкөніс сақтауға шақталған қойма. Яғни кешенге өнімнің тауарлық қасиеттерін жоғалтпай ұзақ уақыт сақталуын қамтамасыз ететін арнайы жабдықтар орнатылады. Соның арқасында жергілікті диқандар Арыстан ұзамай-ақ, астықты сақтап, тиімді бағада нарыққа шығара алады.