Арыс қаласында биыл мұнай және мұнай өнімдерін өңдеу зауытының құрылысы басталады. Поливинилхлорид түйіршіктерін және қоспасын шығаратын зауыт пен кәріз жүйесіне арналған пластикалық құбырлар шығаратын зауыттың да құрылысы жүргізілуде. Бұл туралы Арыс қаласының тұрғындарымен кездесуінде Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалды мәлім етті. Өңірде білім сапасын қамтамасыз ету де маңызды. Сондықтан қалада «Жайлы мектеп» пилоттық жобасы аясында 2 мектептің құрылысы басталады. Одан бөлек жеке кәсіпкерлердің есебінен 3 жаңа мектеп және 5 балабақша ашылады деп жоспарлануда.