Түркістанда көрнекті ғалым, дипломат Шейх Әбсаттар қажы Дербісәліні еске алуға арналған жиын өтті. Туғанына 75 жыл толған ұлттық ғылым академиясының академигі мемлекеттік, қоғамдық және діни қызметте 50 жыл еңбек еткен. «Бабалар аманатын арқалаған ғалым» атты басқосуға академиктің жұбайы мен қызы, шәкірттері мен еліміздің зиялы қауым өкілдері қатысты. Сондай-ақ тағылымды жиыннан өнеге алсын деген мақсатта студенттер де арнайы шақырылды. Кеш барысында академиктің ұзақ жылдар бойы жасаған еңбегінің нәтижесінде жарық көрген бірнеше кітабының таныстырылымы өтеді. Келелі басқосуда Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Марат Тоқашбаев ғалым жайлы өз естеліктерімен бөлісті. Айта кетсек, ол - 1999 жылы Меккеден әлемдік трансляция бойынша қазақ тілінде репортаж жасаған алғашқы журналист.