Қазақстандық полицейлер адам саудасына қатысты 49 факті, оның ішінде кәмелетке толмағандарға қатысты тоғыз факті тіркеді. Адам сатты деген күдіктілерге қатысты ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оған басшылық ету деректері бойынша үш бірдей тергеу басталды. Мысалы, Астана қаласында тоғыз «элиталық» монша кешенінің аумағында жас қыздарды сексуалдық қанау және мәжбүрлеу бойынша қылмыстық жүйені жолға қойған 17 адамнан тұратын топтың қылмыстық әрекетінің жолы кесілді. Тінту кезінде ақша және алты автокөлік тәркіленіп, негізгі фигуранттары қамауға алынған. Шымкент қаласында да осыған ұқсас ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды. Мұнда жалпы сомасы 1 млн теңге және 16 мың АҚШ долларынан астам қаражат, 10 автокөлік тәркіленді.