Биыл Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толып отыр. Осыған орай облыстық "Farab” әмбебап ғылыми кітапханасының бастауымен жыл басынан бері "5 жылдыққа - 5 әдеби сапар" жобасы іске асырылып келеді. Мәдениет және туризм басқармасының қолдауымен жолға шыққан рухани көш бұған дейін Тараз, Алматы және Астана қалаларына барған болса, бүгін Алаштың анасы атанған Сыр еліне табан тіреді. Әбділда Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында өткен іс-шарада өлкетану бағыты бойынша кітап көрмесі, көрме инсталляциялар, концерттік бағдарлама және зиялы қауым өкілдерімен кездесу ұйымдастырылды. Ондағы мақсат - Сыр өңірі жұртшылығын тарихи Түркістанның әдебиеті және өңір тарихымен жете таныстыру. Іс-шараға Сайлаубай Жұбатырұлы, Қаршыға Есімсейітова, Қазыбай Құдайбергенов сынды ардагер ақын-жазушылар мен Мөлдір Айтбай, Ақжол Түменбай сынды өңірдің жас ақын-жазушылары, зиялы қауым өкілдері қатысты.