«Қаржы бөлінген, бірақ кейбір аудандарда ол игерілмей отыр». Апталық аппарат мәжілісінде осылай деген Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, «Ауыл – ел бесігі» жобасына жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне мемлекет бөлген қаржыны тиімді жұмсауды тапсырды. Ауылдың еңсесін тіктеуді түпкі мақсат еткен жобаның тиімділігін арттыру үшін ұсыныстар керектігі де айтылды. Айта кетейік, биыл жоба аясында өңірде жалпы құны 31 млрд. теңге болатын 337 жоба жүзеге асырылуда. Оның 97-сі өткен жылдан өтпелі болса, 240-ы – жаңа жобалар.