Еліміздің банктері ресурсқа бай елдер ішіндегі ең көп пайда табатын банктер санатында. Бірақ, олардың салық төлеу саясатында мәселе көп, дейді Президент. Сондай-ақ, олардың шағын және орта бизнесті жеткілікті қаржыландыру жағы да ақсап тұр. Мемлекет басшысының айтуынша, банктердің экономикаға көбірек қаржы құюына да жағдай жасау қажет. Үкімет пен Ұлттық Банк бірлесіп, осыған қатысты оңтайлы шешімдер ойластыруын тапсырды. Мемлекет басшысы осы ретте экономикалық белсенділікті қолдау және финтех саласын қарқынды дамыту сияқты өзекті мәселелер шешімін табуы керектігін айтты.