Сарыағашта перинаталды орталық салынады. 150 төсек - орындық перинаталдық орталық пен 150 төсек - орынға арналған көпбейінді аурухананың жобасын әзірлеуге облыстық бюджеттен қаржы қаралған. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен отырыста медициналық кешеннің инфрақұрылымы, электр желісімен қамту, су, табиғи газ, кәріз жүйесімен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Медициналық кешенде перзентхана, көпсалалы аурухана, емхана және әкімшілік ғимарат орналасады. Сонымен қатар арнайы шақырту бойынша келген дәрігерлерге арналған 50 орындық жатақхана салынады.Түркістан облысының оңтүстік аудандарында 1 миллионға жуық халық тұрады. Демографиялық өсім бойынша Сарыағаш ауданы көш бастап тұр. Бұл ауданында көпсалалы кешен ашу Келес, Жетісай, Мақтаарал және Шардара аудандарының халқына білікті медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Жауаптылардың басын қосқан облыс басшысы маңызды әлеуметтік нысан құрылысының әр кезеңін егжей-тегжейлі пысықтап, тиісті тапсырмалар берді.