Ветеринариялық қызмет сапасын арттыру - уақыт талабы. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Отырар ауданында ветеринария саласының мамандарымен кездесуінде осылай деді. Өңірдің ветеринариялық-санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жағдайы жайлы тыңдаған облыс басшысы мал басын асылдандыру мен ветеринария саласы мамандарын даярлау бойынша жүйелі жұмыс істеуді тапсырды. Отырар ауданында жалпы асыл тұқымды қой шаруашылығын дамытып отырған шаруалар аз емес. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды осы жолғы сапарында мал басы 4 мыңға жеткізген «Сызған» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Сондай-ақ, 50 га жерге жүгері егіп, өнімділігін арттырған жергілікті кәсіпкермен кездесті. Отырарда 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы сәтті жүзеге асып келеді. Жыл басынан бері жоба аясында 35 азамат кәсіптік бағытта 400 АЕК көлемінде грант қаражатын алып, өз кәсібін бастаған.