Сауран ауданының орталығы Шорнақ елді мекеніндегі әкімшілік іскерлік орталығында 5 ғимараттың құрылысы аяқталуға жақын. Қазіргі таңда инженерлік коммуникациялық желілерінің құрылысы жүріп жатыр. Құрылыс алаңдарын аралаған Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жұмысты тездетуді тапсырды. Сауран ауданына іссапары аясында облыс басшысы құрылысы жүргізіліп жатқан бірқатар нысандардың салыну қарқынын тексерді. Шорнақ елді мекенін ауыз су, кәріз жүйесі және электр желілерімен жабдықтауға арналған инженерлік инфрақұрылым тарту жұмыстары жүргізілуде. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 7 жоба іске асырылуда. Сондай-ақ, облыс басшысы проблемалық нысандарды да аралап шықты. Құрылысы былтыр бітіп, қолданысқа әлі берілмеген Қосмезгіл елді мекеніндегі 300 орындық мектептің абаттандыру жұмысын ширатып, жұмысына салғырттық танытқан мердігер мекемеге ойын алаңшаларын қайта жасақтауды тапсырды.